A special thanks to Yevgeniya Budnik and Asem Dautaliyeva for their dedicated work in translating “A Perspective on Today’s ABA” into Kazakh. Their efforts, in collaboration with LOGOs, advance our mission of making PFA/SBT technology accessible worldwide.
To read the original document in English, please click here.
Грег Хенлидің қазіргі ABA-ға көзқарасы
Аутизмі және жағымсыз мінез-құлқы бар адамға ABA-терапия бүгін қалай басталады?
Қазіргі заманғы ABA (Applied Behavior Analysis — қолданбалы мінез-құлық талдауы) аутизмі бар адамды түсінуге, оның қызығушылықтары мен тілектерін білуге ұмтылады. Біздің міндетіміз — оқушы мен оның жақындары үшін маңызды дағдыларды дамытуға арналған жайлы оқу ортасын құру. Бұл мәтін — қазіргі ABA мамандарына арналған ұсыныстарымыз, бірақ біз оны мінез-құлық талдауы бүгінде не екенін білгісі келетіндердің барлық адамдарға арнап жаздық.
Тыңдау арқылы түсініңіз
Аутизмі бар оқушы* мен оның жақындарынан не ұнайтынын, ал нені ұнатпайтынын сұраңыз. Міндетті түрде оның қандай әрекеттерді, заттарды, орта мен ең бастысы – өзара қарым-қатынастың қай түрін жағымды, жағымсыз немесе бейтарап деп қабылдайтынын анықтаңыз. Ол қалай сөйлеседі, өз ойын қалай жеткізеді – соны түсінуге тырысыңыз. Сонымен қатар, оның жағымсыз мінез-құлқы арқылы нені жеткізгісі келетінін ұғынуға тырысыңыз. Қысқасы, оқушыны жақынырақ тану үшін сұрақтар қойыңыз.
Бүгін біз ABA терапияны сұрақтардан бастаймыз – және аутизмі бар адамды жақсы көретін әрі жақсы білетін жандардың жауабына құлақ түреміз.
Қуанта отырып түсініңіз
Жақындарымен әңгімелескеннен кейін, аутизмі бар оқушы өзін қауіпсіз сезінетін, көңілі толып, босаңсып, қызығушылықпен айналыса алатын, жағдайды бақылауда ұстай алатындай орта қалыптастырыңыз. Бұл кеңістікті ол жақсы көретін заттар мен әрекеттермен толтырыңыз. Үнемдемеңіз: ортада неғұрлым көп әртүрлілік болса, соғұрлым жақсы. Бұған дейін оқушы олармен «қызық», ерекше немесе «дұрыс емес» ойнайды деп бермеуге тырысқан заттарды міндетті түрде әкеліңіз.
Оқушыға қалаған ісімен қалаған жерінде айналысуға кедергі жасамаңыз. Кабинеттің есігін ашық қалдырыңыз – ол кез келген сәтте еркін шыға алатындай болсын. Бастамасын қадағалаңыз және әңгімелерді қолдаңыз. Оқушының бастамасына ілесіп, әңгімелерді қолдап отырыңыз. Бөлмеде бірдеңені қосуға немесе алып тастауға, заттар мен адамдардың орнын ауыстыруға рұқсат беріңіз – ол кеңістікті өз қалауынша толық өзгерте алу мүмкіндігіне ие болуы керек.
Бұл кезеңде оқушыға сіздің басты емес екеніңізді түсіндіру маңызды: оның үстінен тұрмаңыз, қысым жасамаңыз, үйретуге, кеңес беруге, бағыттауға, сұрақ қоюға немесе сөйлеуді жақсартуға тырыспаңыз. 100% дайын болыңыз, бірақ егер оқушы сізден сұрамаса, ойынға араласпаңыз. Тіпті мақтауға асықпаңыз: оқушы өзі немен айналысып жатқанын немесе не істегенін көрсеткенше күтіңіз — сол кезде сіз шын жүректен таңдана аласыз. Оның әрекетін бағалаудың қажеті жоқ — оған қатысыңыз, басты рөлді өзіңізге алмаңыз.
Барлық қарым-қатынас жасау әрекеттеріне жауап беріңіз — олар сіз жағдайды басқаруға тырысуды неғұрлым ертерек тоқтатсаңыз, соғұрлым тезірек пайда болады. Мысалы, оқушы қиындықтарға тап болған кезде емес, көмек қажет екенін көрсеткен кезде көмектесіңіз.
Көмек беруге шын ниетпен ұмтылыңыз, тіпті оны қалай жасау керектігін нақты білмесеңіз де. Оқушыдан өзара әрекет басталған кезде ғана жауап беріңіз, бірақ өзіңіз бірінші бастама көтермеңіз – шешім қабылдау мүмкіндігін оқушының өзіне қалдырыңыз.
Оқушы өз еркімен қалып, кеткісі келмейтін күйге жеткенше дейін, жағдайды және өзіңіздің қарым-қатынас стиліңізді жетілдіре беріңіз. Оқушының қалуға деген ықыласы – сіздің ортаны қаншалықты дұрыс дайындағаныңыздың көрсеткіші. Егер сіз оқушыға кабинетті еркін тастап шығуға мүмкіндік берсеңіз, бұл сіздің оған құрметпен қарайтыныңызды білдіреді және оны күшпен қайтарудың қажеті болмайды – бұл кейде жағымсыз әсер қалдыруы мүмкін. Сонымен қатар, бұл жағдай сізге құнды ақпарат береді. Егер оқушы кетіп қалса, бұл ортаның бір нәрсесі жетіспейтінін немесе бір жағымсыз заттың бар екенін білдіреді. Ортаны жетілдіруді жалғастыра беріңіз – оқушы өзін жайлы, еркін және қызығушылықпен айналысатын күйге жеткенше дейін. Есіңізде болсын, мұндай күй аутизмі бар адамдарда әртүрлі көрінуі мүмкін, сондықтан аутизмі бар адамды жақсы танитын біреу бұл және келесі кезеңдерде міндетті түрде қатысуы қажет.
Қорытындылай келе: оқушыға сіздің оның жағында екеніңізді, оны түсінетініңізді және әрқашан қасында болуға дайын екеніңізді көрсету маңызды. Бұл – заманауи ABA-ның алғашқы және ең басты қадамы.
Түсіне отырып, рұқсат беріңіз.
Сіз оқушы үшін қауіпсіз әрі қызықты орта қалыптастырып, жағымсыз ауыр мінез-құлықтың жойылғанына көз жеткізген соң, келесі кезеңге – оқушымен сенімді қарым-қатынас орнатуға көшуге болады. Ең алдымен, жағдайдың сәл қиындайтынын оқушыға алдын ала ескертіңіз. Бұл туралы ашық, бірақ мейірімді түрде айту керек. Қарапайым сөздермен және ишарамен оқушыға ойын аяқтауын, заттарын шетке қоюын, аутостимуляцияны тоқтатуын және енді сабақ өтетін арнайы орынға отыру керектігін жеткізіңіз. Бұған дейін дайындап қойған арнайы орынды пайдаланыңыз – оны шартты түрде «жоғары үміттер орны» деп атайық. Бұл жерде баланың жақындары үшін маңызды деп есептелетін, оның дамуына қажетті күрделі тапсырмаларға арналған материалдар дайын болуы керек.
Егер ойыннан талаптарға көшу кезінде оқушы наразылық білдірсе, қарсы әрекет көрсетсе немесе жағымсыз мінез-құлық байқалса, дереу оған жол беріңіз. Тағы да оған басымдық беріңіз: бастаманы оқушының өзіне қайтарып, оның сүйікті әрекеттеріне оралуына мүмкіндік беріңіз. Ол қайтадан өзін жайлы, еркін және қызығушылықпен айналысып отырған күйге жеткенше күтіңіз.
Бұл әрекеттерді бірнеше рет қайталаңыз, оқушы жағымсыз нұсқаулардан бас тарту үшін бағынуға немесе мінез-құлқымен қысым жасауға міндетті емес екенін түсінгенше. Сіз оның жағында екеніңізді және оны өте жақсы түсінетініңізді көрсетіңіз, тіпті оның қарым-қатынас формасы басқаларға оғаш көрінсе де. Оқушы сізге сенуге болатынын сезінуі керек. Бұл кезеңде тез, анық және дәйекті әрекет етіңіз. Қарым-қатынасты жаңаша бастаған соң, ерте ме, кеш пе, сіз балансты қалпына келтіріп, шынайы өмірде жиі кездесетін күрделі тапсырмалар мен белгісіз жағдайларды оқушы жағымсыз мінез-құлықсыз да еңсере алатын жағдайға жетесіз.
Үйрету арқылы түсініңіз.
Аутизмі бар балалардың отбасылары үшін бақытты өмірге апарар жол – бұл дағдылармен төселген жол. Бұл дағдылардың негізгілері – ойын, бос уақытты тиімді пайдалану, қарым-қатынас, төзімділік және ынтымақтастық. Оқушы осы қабілеттерді меңгергеннен кейін, білім беру үдерісін әртүрлі бағытта дамытуға болады.
Келесі міндетіміз – алдыңғы кезеңдегі жағымсыз мінез-құлықты қарапайым және әлеуметтік тұрғыдан қабылданатын коммуникативтік реакциямен алмастыру. Бұл кезеңде біз ынтымақтастық уақытын кеңейтеміз және біртіндеп белгісіздікті арттырамыз: оқушы жаңа сұраныс формасы жұмыс істей ме, әлде сіз бас тартасыз ба, білмейді. Оқушының мінез-құлқы сіздің оқытуды қаншалықты тез ілгерілететініңізге және қандай тапсырмаларды таңдайтыныңызға әсер етеді: оның әрекеттері мен сөздеріне құлақ асыңыз. Бұрын қажетсіз мінез-құлықты және оқушының жағымсыз эмоцияларын елемей, жұмысты жалғастыра беретін едік – ол күндер артта қалды. Енді бұл – процедураны қайта қарау және өзгерту үшін себеп. Келесі кеңесте емес, дәл қазір.
Оқыту үдерісі оқушының көңіл-күйі көтеріңкі, сабырлы әрі қызығушылығы жоғары болғанда басталады. Біздің жұмысымыздың әр кезеңі «мен жанымдамын», «мен сені түсінемін», «мен сенің жағыңдамын» деген идеялармен өрілген. Тағы да қайталаймын, біз балаларды оқуға немесе сабақтарды жалғастыруға мәжбүрлеуге міндетті емеспіз, егер олар ренжіген болса. Біз даму деңгейін асығыс бағалауға, оқушыны тыңдатуға тырысудың барлық тәсілдеріне қарсы боламыз. Біз оқушылармен сенімді және шынайы қарым-қатынас орнатуға, оларды қызықтыруға, олардың еркін таңдау құқығы бар екенін көрсетуге ұмтыламыз. Кейін бұл ынтымақтастықты дамытуда көмектеседі. Біз дағдыларды оқытуды терапевт, мұғалім немесе ата-ана бақылайтын уақытта да, аутизмі бар адам бақылайтын уақытта да жүзеге асыруға болатынын мәлімдейміз. Сонымен қатар, даму деңгейін бағалауды оқушы мұғалімге сеніп, қиын тапсырмаларда табандылық таныта алатын кезде жасаған дұрыс деп санаймыз.
Заманауи ABA мүмкін болатын травманы ескереді. Біз кез келген жағымсыз мінез-құлқы бар клиенттің ауыр тәжірибесі болғанын, сондықтан травма туралы айтуға негіз бар екенін мойындаймыз. Оқушыны тыңдай отырып, оның соңынан еріп, сенімділікті қалыптастырып және қолдап, оқу ортасын байытып, оқушының көңілі жайлы, еркін және қызығушылыққа толы болуын қамтамасыз етіп, оны мәжбүрлемей, кетуге рұқсат беріп, сабақты бақылауда көргенімізге сүйене отырып шешім қабылдап, қарым-қатынас орнатуға тырысқан әрекеттеріне жауап беріп, қуаныш арқылы оқыта отырып – біз травманы ескереміз.
Қорытынды
Біздің әлем, еліміз және ABA терапиясының шағын саласы қазіргі таңда бетбұрыс кезеңінде тұр. Күнделікті өміріміздегі кеңсе ережелері мен кафе араласуынан бастап, жүйелі мәселелерге дейін, мысалы, нәсілшілдікті жою сияқты, көптеген нәрселерді қайта қарау уақыты келді. ABA саласындағы мәселелеріміз осы тізімнің ортасында орналасқанымен, олар пандемия кезінде жұмысқа оралумен және басқа нәсіл өкілдеріне қатысты әділетсіздікпен ортақ тұстары бар деп ойлаймын (бұл әсіресе АҚШ-та қара нәсілді адамдарға қатысты өзекті). Ендеше, денсаулық сақтау, адам құқықтары мен әділет салаларындағы сарапшылардан үйренейік. Бірақ енді «жақсырақ сәтті» күтпей, тарихи тұрғыда дұрыс жолға түсуіміз керек.
Біз үстемдік етпеуге, керісінше, деэскалация жасауға, тіпті мінез-құлықтың нашарлауын толықтай болдырмауға ұмтыламыз. Біз мәжбүрлеуге емес (рахмет, Мюррэй Сидман!), тыңдауға, түсінуге, бағыт беруге және үйретуге ұмтыламыз. Біз оқушыны ұстап тұруға, оның реакцияларын бұғаттауға немесе оның мінез-құлқын тек «түзету» және «өзгерту» арқылы айналысуға қарсы тұрамыз. Біз түсінуге, қабылдауға және үйретуге ұмтыламыз. Біздің басты мақсатымыз қауіпсіздік, оқушымен байланыс және біздің әрекеттеріміздің телегеникалығы** болуы керек. Біз мұны басымдыққа қойған кезде маңызды нәтижелерге қол жеткізе алатынымызды дәлелдедік (оқыңыз: www.practicalfunctionalassessment.com).
ABA бұл емес деп сенбейтіндерге немесе ABA-ға алдын ала көзқараспен қарайтындарға: мен сіздерді түсінемін және сіздердің сезімдеріңізді не тудырғанын білемін. Мен аутизмі бар адамдарға және басқа да даму бұзылыстары бар адамдарға (мысалы, когнитивтік бұзылыстары бар адамдарға) көмектесу жолындағы біздің қызметіміз әрқашан дұрыс болмағанын мойындаймын. Бірақ енді біз жақсырақ жасай аламыз және жасаймыз – зерттеулер мен тәжірибе маған мінез-құлық талдаушылары өз жұмыстарын жетілдіруді жалғастырып жатқанын көрсетеді. Мен бұл жақсартулар тек ғылыми әдісті қолдану арқылы ғана емес екенін мойындаймын. ABA тарихында құндылыққа негізделген көзқарастар ғылымның атымен шеттетілген кездер болды. Бұл қайғылы және ыңғайсыз шындық, бірақ біз ұзақ уақыт бойы елемей келген және бізбен келіспегендердің дауысына құлақ ассақ, жағдайды өзгерту біздің қолымызда.
ABA кейде жарақат салуы мүмкін, бірақ дәл сол әдіс адамның өткен ауыр тәжірибесін жеңуге де көмектесе алады. Мен мұндай өзгерістерді бастау үшін міндетті түрде бір қайғылы жағдайдың болуын күтудің қажеті жоқ екенін жақсы түсінемін. Соңғы бірнеше жылда мен өз жұмысымдағы кемшіліктермен бетпе-бет келіп, ABA-ны қолдану тәсілімді жақсартуға шын ниетпен күш салдым: зерттеулер жүргіздім, тәжірибе жинадым, кеңестер бердім және ең бастысы – менің кәсіби шеңберімнен тыс адамдардың даусына құлақ астым. Енді мен өзімді немесе әріптестерімді ақтап алуға тырыспаймын. Тек кешірім сұраймын. Айта алмағаным, әрекет етпегенім, талап қоймағаным және тоқтатпаған істерім үшін кешірім сұраймын – себебі ондай жағдайларға жол берілмеуі тиіс еді. Осыны менің ішкі жауапкершілігімді сезініп, ашықтыққа бет алған шынайы ниетім деп қабылдаңыз. Бұл – біз көмектесуге тиісті адамдардың құқықтарын қорғауға берген уәдем. Мен ABA әдісін жақсартуға бағытталған осы маңызды әрі үмітке толы жолда сіз де менімен бірге боласыз деп сенемін. Бұл жол – аутизмі бар жандардың отбасына қолдау көрсету, олардың өмірін жеңілдетуге арналған жол.
*Осы мақаланы дайындау барысында ой-пікірлерімен бөлісіп, қолдау көрсеткен доктор Энтони Каммиллериге шынайы ризашылығымызды білдіреміз.
